Қазақстанның ОПЕК+ мұнай өндірушілері мен экспорттаушылары альянсы жақын айларда өндіру квоталарын ұлғайтады деген үміті қауіп астында қалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығына сілтеп.
Себебі Қазақстан қазіргі шектеулерді жүйелі түрде сақтамайды және 2025 жылдың қаңтарында бұл шектеулер жеңілдейді деп үміттенген еді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) нарықтағы жағдайға жасаған талдауында ОПЕК+ шикізат өндіруді арттыру шешімін тағы да кейінге қалдыруы мүмкін екенін атап өтеді. Бастапқыда мұнай өндіру квоталарын ұйым қыркүйек айында ұлғайтуға ниеттенген, бірақ бұл шешімді қаңтарға дейін шегерген болатын. Қазіргі экономикалық жағдайларға байланысты бұл мерзім тағы да өзгеруі мүмкін.
Әлемдік мұнай бағасы тағы да төмендеуде: 25 қараша, дүйсенбі күнгі сауда барысында барреліне 72,6 доллар болды. Бұған екі негізгі себеп бар.
Біріншіден, Израиль мен Ливан арасында бейбітшілік орнайды деген қауесет таралып, бұл Таяу Шығыста мұнай өндірудің өсуіне әкелуі мүмкін.
Екіншіден, АҚШ Қаржы министрлігінің жаңа басшысы тағайындалды: Трамп әкімшілігінде бұл қызметке сланецтік мұнай өндіруді қолдайтын Скотт Бессент келмек. Осылайша, мұнай нарығында ұсыныстың алдағы уақытта күрт артуына әсер ететін екі фактор байқалады.
Осындай жағдайда ОПЕК+ жексенбі күні өтетін кездесуінде мұнай өндіруді ұлғайтпау туралы шешім қабылдауы мүмкін. Бұл дегеніміз, Қазақстанға картельдің позициясы мен өз мүддесі арасында қайтадан маневр жасауға тура келеді. Елге Теңіз кен орнындағы қуаттылықтарды толық пайдалануы үшін жоғарырақ квота алу тиімді болар еді. Бірақ ОПЕК+ мұнай квоталары Қазақстан үшін ұзақ жылдан бері шешілмеген мәселе.
Еліміз квоталарды жүйелі түрде сақтамайды, ал шетелдік сарапшылар бұл өзге картель мүшелерін (ең алдымен Сауд Арабиясын) ашуландыруы мүмкін екенін ескертуде. Bloomberg шолушысы Хавьер Блас жақында бұл жағдайға байланысты Қазақстан 2025 жылы ОПЕК+ үшін «ішкі жауға» айналуы мүмкін екенін мәлімдеді.