Ресей Қазақстанның 3 қаласында ЖЭО салады: Жаңбыршин заң жобасын түсіндірді

Қаракөз Амантай 27 қар. 2024 13:29 139

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар маңызды заң жобасын қарауға алды. Бұл — “Қазақстан мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімді ратификациялау туралы” заң, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Заң жобасының мәнін депутат Еділ Жаңбыршин түсіндіріп өтті.

Айтуынша, аталған келісім үш қалада жаңа жылу электр станцияларын салуға байланысты Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

“Келісімде құрылғыларды жобалау, дайындау және жеткізу, сондай-ақ станцияларды іске қосу жөніндегі жұмыстар, сонымен қатар қазақстандық тарапқа Ресейдің экспорттық мемлекеттік кредитін жеңілдетілген қаржыландыру арқылы беру шарттары қамтылған”, — деді ол.

Жоспарланған жылу орталықтарының қуаттылығы келесідей:

  • Семейде – 360 МВт;
  • Өскеменде – 360 МВт;
  • Көкшетауда – 248 МВт.

Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде жаңа жылу электр орталығын салу жоспарланғаны хабарланған еді. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов айтып берді.

Altainews.kz мәліметінше, жаңа жылу электр орталығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынбақ. Жоба жылу қуатының тапшылығын жоюға және қаланы дамыту үшін қажетті резервті құруға мүмкіндік береді. Бүгінде өңірде жылу қуатына деген қажеттілік 1232 Гкал/сағ құрайды.

Сондай-ақ Өскемен қаласында жылу энергиясының тапшылығын төмендету мақсатында 2023 жылғы желтоқсанда «Өскемен жылу желілері» АҚ №2 қазандықты кеңейту бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды, бұл жоба жылу көзін сағатына 100 Гкал-ға ұлғайтуға бағытталған.

«Өскемен ЖЭО» ЖШС Энергетика министрлігімен жылу қуаты 130 Гкал/сағ болатын 16-шы қазандық агрегатын салуға инвестициялық келісімге қол қойды, ал «Согра ЖЭО» ЖШС-де қуаты 60 Гкал/сағ болатын төртінші қазандық агрегатын салуға келісім жасасу мәселесі пысықталуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар