ШҚО-да «Таза Қазақстан» аясында «Жасыл толқын» ғылыми экологиялық клубының отырысы өтті

Жарбол Кентұлы 27 қар. 2024 16:20 85

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Экоәдет» жобасының экоактивисті, волонтері және экокәсіпкері Людмила Евженкова мен облыстық волонтерлік фронт-офистің жетекшісі Әділбеков Айдостың қатысуымен, «Жасыл толқын» ғылыми экологиялық клубының белсенділер жиыны болып өтті.

Кездесу барысында қоршаған ортаға ұқыпты қарау, экологиялық сананы қалыптастыру және «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы талқыланды.


Кездесуге қатысушылар күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді қалай енгізу керектігі жөнінде көптеген құнды кеңестер алды. Людмила Евженкова өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарды табиғатты қорғау үшін белсенді әрекет жасауға шақырды. Оның айтуынша, экологиялық саналы әдеттерді енгізу арқылы қоғамдағы экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосуға болады.


Айдос Әділбеков, облыстық волонтерлік фронт-офис жетекшісі, өз сөзінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында ағартушылық қызметтерінің дамуы туралы айтты. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – жастарды экологиялық волонтерлік бастамаларға тарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Әділбеков атап өткендей, экологияны қорғауда жас ұрпақ маңызды рөл атқарады, сондықтан олар үшін лекциялар, семинарлар және тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады.


«Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында көптеген шаралар өткізілуде. Бағдарлама басталғаннан бері 541 мың адам сенбіліктерге қатысып, 6,5 мыңнан астам техника пайдаланылды. Сондай-ақ, 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш және 859 әлеуметтік нысан тазартылды. Тазалау жұмыстары аясында 7 мың су нысаны, 26 субұрқақ және 370 шақырым арық тазартылды, ал 82 мың аулалық аумақтан 29 мың тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық акциялар аясында 105 мыңнан астам көшет отырғызылды.


«Таза бейсенбі», «Таза аймақ» және «TazaLike» сияқты акциялар ұйымдастырылып, қалалар мен аудандарда апта сайын сенбіліктер өткізіледі. Сонымен қатар, биылғы 5 шілдеден бастап мессенджерлерде арнайы бот іске қосылып, тұрғындардан 290-нан астам өтінім қабылданды.

Бұл өтінімдер әкімдіктер тарапынан толық орындалды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық сананы қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жалғасуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар