Үкімет "Рыжий Алмазды" билікке әкелмек болды. Мен қарсы шықтым - экс-министр

Dalanews 08 там. 2021 09:52 1312

1995-2003 жылдың аралығында Ішкі істер министрлігін басқарған Қайырбек Сүлейменов қылмыс әлемінің серкесі Несіпбай Нәсеновпен (лақап аты - Рыжий Алмаз) байланысты оқиғаны еске алды деп хабарлайды Dalanews.kz Время басылымына сілтеп. 

Оның айтуынша 90-шы жылдары елдегі қылмыстық ахуал күрт асқынып, жағдай бақылаудан шығуға шақ тұрған. Үкімет Ішкі істер министрлігінің жұмысына көңілі толмай, сол тұста ведомствоға жетекшілік еткен Сүлейменовке шүйліккен. 

“Атын атамай-ақ қойғаным дұрыс шығар, премьер-министрлердің бірі кабинетіне шақырып, министрліктің ұйымдасқан қылмысты ауыздықтай алмай отырғанын бетіме басты. 

“Елде ОПГ-лар өріп жүр. Сенің қолыңнан қайран да келмейді. Одан да солардың арасындағы сый-құрметі бар дегендерді, соның ішінде Рыжий Алмазды билікке әкелейік, қаржылай қолдау көрсетейік. Сенің орынбасарың болсын. Ертең бүкіл елді уысында ұстайтын болады” деді.

Әзілдеген жоқ, шынын айтты. Осындай жолмен қылмыс әлемінің өкілдерін билікке отырғызған көршілес елдерді үлгі етті. Бұйыра сөйлемесе де, мені осы ұсынысқа иліктіргісі келетін сыңай танытты”, – дейді ол. 

Сүлейменов Үкімет басшысының ұсынысын тіксіне қабылдаған. Рыжий Алмаз билікке келер болса мұның соңы қантөгіске ұласып, елде коррупция етек алатынын ескерткен.  


“Рыжий Алмазға" Ішкі істер министрлігін табыстар болсаңыз, мен тап қазір отставкаға кетемін. Бұл қызметте бір күн де аялдамаймын” деп ашық айттым. 

“Сенің тағдырыңды шешетін мен емес. Әйткенмен біліп жүр, сенің жұмысыңа мүлдем көңілім толмайды” деп жауап қатты. Әлі күнге дейін осындай пәтуасыз, парықсыз ұсыныс болады екен-ау деп таңғаламын. 



Қолын қанға малған адамға тұтас мемлекеттің, тұрғындардың тағдырын сеніп тапсыру нонсенс.

Мұндай қызметке қылмыс әлемінің серкесін отырғызып қойсақ, ертең жүздеген, мыңдаған адамның қаны төгілер еді ғой?! Мен оған жеке кабинет бөліп, өзімнің орынбасарым етіп тағайындаған күнде қылмыскердің сыбайласы болғанымның белгісі емес пе? Жоқ, мен мұндайға бара алмаймын. Премьерге сөй деп жауап қаттым” – дейді Сүлейменов. 



Экс-министр Үкіметбасшының ұсынысын Назарбаевқа жеткізбек болған. Мұны естіген премьер Сүлейменовке өкпелеп қалған. 

“Соның қолыңнан келері сол ғой. Құшақ-құшақ құжатты қолтығыңа қысып, доклад жасаудан өзге білерің жоқ. Бар жүгір, жеткізіп бар”, – деді. Сонымен сөз тәмам болды.

Мен Ішкі істер министрлігін басқарған тұста алты премьер ауысып үлгерді. Ешбірінен қаймыққан жоқпын, күш құрылымдары Елбасыға ғана есеп береді деп есептедім.

Осы күнге дейінгі азды-көпті жетістігім үшін Назарбаевқа қарыздармын. Ешбіреудің үстінен арыз-шағым айтып, президенттің алдына бармаған екенмін. Ал менің үстімнен полицияны жамандап, домалақ арыз жолдаған шенеуніктерді санамалар болсам, он саусақ түгел бүгіледі”, – дейді ол.

Экс-министр өзінің өсек-аяңнан ада болғанын, кабинет кезіп сөз тасымағанын айтып ант-су ішкен екен. Интригамен айналысқанды ұнатпаған. Биліктегі түрлі-түрлі кландардың кикілжіңіне араласпай, аулақ жүрген. 

“Сот пен прокуратура өкілдері жиі-жиі “абаласып” қалатын. Прокуратура қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қырғи-қабақ еді. Мұның бәрін көріп-біліп жүрдім. Алайда біреуді біреуге жығып берген кезім болған жоқ. Бірінші кезекте мемлекет мүддесін ойладым. Араз тараптарды татуластыруға тырыстым. Жұмысыма жүрдім-бардым қарамадым, адал жүріп, адал тұрдым”, – дейді Қайырбек Сүлейменов. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар