Үкімет легионерлерге ақшаны да үйіп төкті, азаматтықты да тез алып берді – Абзал Құспан

Көркем Алдабергенова 13 қар. 2024 15:17 2134

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан отандық жас спортшыларды қолдауға қатысты мәселе көтерді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Қазір ұлттық құрамамызда Қазақстанның азаматтығын алып алған шетелдік легионерлер жетіп артылады. Бірақ олардың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай емес. Оларға келген кезде Үкімет ақшаны да үйіп төкті, азаматтықты да жылдам әрі тез алып берді. Бірақ Париж олимпиадасының алдында Қазақстанның азаматтығын алып алған екі бірдей теннисші ең маңызды сәтте жарысқа қатысудан бас тартқанын да білеміз. Бұл елдің наразылығын тудырды. Болашақ жас спортшыларымыздың жолын кестірмейтін осындай атлеттерден Қазақстан азаматтығын алу үшін министрлік тарапынан заңнамада нақты тетіктер қарастырылған ба?", - деп сұрады депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың сөзінше, бүгінгі таңдағы негізгі мақсат – отандық мектепті қалыптастырып, өзіміздің спортшыларды қолдау.

"Заң жобасы аясында Қазақстан азаматтары болып есептелмейтін спортшылар бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор қаржыландыруға тыйым салу көзделген. Әрине, біз заң аясында азаматтықты алып, ел чемпионаттарына қатысамын деген шектеу қоя алмаймыз. Бірақ біз нақты әр спорт түрінен барып, дайын спортшыларды елге әкеліп жұмыс істемейміз. Сырт елден ғылыми топтарды тарту, ғылыми институттармен жұмыс істеу, сырт елден бапкерлік корпусты жақсы талдаудан кейін шақырып жұмыс істеу жоспарымызда бар", - деді ведомство басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар