Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты айыпталып жатқан Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты жалғасып жатыр. Кезекті отырыста бірнеше куә жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сотта Мұнайшы ықшамауданындағы үйін Сәрсемәлиевтің отбасына жалға берген азамат та куәлік етті. Оның айтуынша, отбасы бұл баспананы 2023 жылдан бастап жалдап тұрған.
Куәгердің сөзінше, ай сайынғы 50 мың теңге жалдау ақысы белгісіз бір азаматтың атынан банк арқылы аударылып отырған. Алайда кейбір кезеңдерде отбасы үйді жалдамай қалған.
Үй иесі сотта өткен жылдың 7 желтоқсанында Сұлтан Сәрсемәлиевпен сөйлескенін айтты. Сол кезде айыпталушы әйелін емдетіп жүргенін айтып, енді үйді жалдамайтынын жеткізген.
Судья Зарема Хамидуллина куәгердің тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Онда үй иесінің баспанаға тек қажет болған кезде ғана барып тұрғаны айтылған.
"Әйелін бір-ақ рет көрдім, оның өзінде сыртынан ғана байқадым. Балаларын мүлде көрген емеспін. Әйелі орамалда еді. Шамамен 27 желтоқсанда үйге барып, есік алдындағы тастың астында тұрған кілттерді алдым. Үйдің ішін қарағанда ешқандай шашылған заттар немесе дақтар байқалмады. Үйді тазалап кеткенін көрдім", – делінген куәгердің жауабында.
Сондай-ақ куәгер сотта мәйітті орауға пайдаланылған кілемнің өзіне тиесілі емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, үй ауласындағы душтың ішінде екі күрек пен бір айыр тұрған.