10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-ны бүгінге дейін 340 мыңға жуық талапкер тапсырды. Тестілеуге қатысушылардың 73 пайызы қазақ тілін, 27 пайызы орыс тілін таңдаса, 522 адам ағылшын тілінде тапсырған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жетінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа нәтиже - 66 балл. Ең жоғары көрсеткіш - 140 балл. Бұл нәтижеге Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир қол жеткізді.
ҰБТ өткен жеті апта ішінде 715 ереже бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде 422 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестке жіберілмеді.
Тағы 286 адам тест кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижесі жойылды. Бұдан бөлек, бейнежазбаларды тексеру кезінде ереже бұзған тағы жеті талапкердің нәтижесі жарамсыз деп танылды. Биыл өзге адамның орнына тест тапсыру дерегі тіркелген жоқ.