Түркияға аттанғалы отырған модель бүлдіршіндер алаяққа жем болып, 8 млн теңгеден қағылған

Кәмшат Тілеухан 17 шіл. 2025 10:27

Модель бүлдіршіндердің ата-аналарын алдап,ірі соманы иеленген әйел 4 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Жоға соты хабарлағандай, 2024 жылдың мамыр айында алаяқтық жасап, азаматтардың ақшасын жымқырды деген күдікпен әйел адам ұсталған.

Тергеушілердің айтуынша, ол кәмелетке толмаған модельдердің ата-аналарына тиесілі ірі көлемдегі ақшаны алаяқтық жолмен иемденбек болған.

"Жалған шарттар жасасу үшін жеке кәсіпкердің атына ашылған банк шотын пайдаланып, өзін түрік агенттігінің ресми өкілі ретінде көрсетіп, қостанайлықтарға балалардың оқуға және жарыстарға қатысуға сапарларын ұйымдастыру бойынша делдалдық қызметтерді ұсынған. Қостанайдағы бизнес орталықтардың бірінің мәжіліс залында өткен кездесуде ол кәмелетке толмаған 10 модельдің ата-аналарына Түркияның Кападокия қаласында әуе билеттерін сатып алу және қонақүйлерді брондауды өз мойнына алғанын айтқан", делінген сот хабарламасында.

Ата-аналарды саяхатқа қатысуға белсенді түрде үгіттеп, көндіре отырып, ол топтық рейс кезінде әуе жолына және тұруға айтарлықтай жеңілдіктер жасауға уәде берген. Сондай-ақ ол сапардың егжей-тегжейлерін жариялап, бағасын айтқан және "куратордың байланыс деректерін" берген. Адасқан ата-аналар ол көрсеткен есепшотқа әр бала үшін 300 еуродан ақша аударған.

"Өзінің қылмыстық әрекетінің нәтижесінде алаяқ 8 миллионнан астам теңгені алып кеткен. Ақшаны алған соң олардан жасырынған. Бұл ретте оның уәделерін орындау ниеті болмаған: оның туристік қызметпен айналысуға лицензиясы жоқ, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, модельдік агенттіктермен еңбек қатынастарында болмаған және олардың атынан өкілдік ету құқығы болмаған", делінеді сот хабарламасында.

Астанаға келген жәбірленушілер алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, құқық қорғау органдарына хабарласқан.

Бірінші сатыдағы сот дәлелдемелерді зерттеп, баға бере отырып, сотталушыны өзіне тағылған әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 3 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары толық көлемде қанағаттандырылды.

Қостанай облыстық соты сотталған әйелдің апелляциялық шағымын қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Сот актісі заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар