Басқосуда Түркістан облысындағы мыңға жуық мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары тәжірибе алмасты. Ұлттық құндылықтар негізіндегі тәрбие тақырыбы аясында 3 бағыттағы секция мәжілісі ұйымдастырылған.
Бас қосуда рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтың қайнар көздері жайында сөз қозғалды. Әр өңірден келген қонақтарға 30 түрлі баяндама оқылып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер талқыға түсті.
Нәтижесінде мамандар ойларын ашық ортаға салып, біліктілік арттырды. Айтылған ерекше ұсыныстар 25 тамыз күні өтетін пленарлық мәжіліс қарарына жолданды.
Секциялық мәжілістен кейін Түркістан облысы білім саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті. Мәжілісті Түркістан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды.
Бүгінгі отырысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел уәкіл аға-лейтенанты Гүлзия Қарсыбай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев, Түркістан облысының Бала құқығы жөніндегі уәкілі Гүлжан Вероцкая қатысып баяндама оқып, білімге қатысты өз салалары бойынша пікір білдірді.
Мәжіліс соңында Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Меруерт Медетбекова ардагер ұстаздарды Тамыз конференциясымен құттықтап, мақтау қағаздарымен марапаттады.