ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен фестивальдің мақсаты- еліміздің әрбір облыс, аудандарындағы дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету, шығармашылық қабілеттілігін дамыта отырып, орындаушылық шеберліктерін шыңдау, халықаралық мәдени байланыстарды дамыту және нығайту, тәжірибе алмасу, отансүйгіштікке тәрбиелеу, еліміздің ұлттық өнері мен тарихына деген қызығушылықты арттыру, жалпы адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.
Байқау «Вокалдық өнер» (дәстүрлі ән, академиялық ән, эстрадалық ән), «Инструменталдық орындаушылық» (дәстүрлі өнер, классикалық өнер, эстрадалық өнер), «Хореографиялық өнер» (халықтық би, классикалық би), сондай-ақ «Көркемдік оқу» номинациялары бойынша өтті.
Аталған конкурста Түркістан облысының «Жетіген» ансамблі Бас жүлдені қанжығасына байласа, академиялық ән жанры бойынша Сарыағаш ауданынан Тұрарбек Әлима бірінші орынды, Созақ ауданының жас көркемсөз оқу шебері Тұран Өсер екінші орынды, академиялық ән жанры бойынша Темірбекова Айгерім екінші орынды, классикалық музыкалық аспаптарда орындаушылар арасында сайрамдық Абдимажитов Нурилло және Ордабасы ауданынан Диас Айнабек үшінші орынды, дәстүрлі ән жанры бойынша Сайрам ауданынан Аман Ерсін үшінші орынды иемденді.
Айта кетсек, өңірімізден аталған байқауға 10-16 жас аралығындағы 200-ден аса үміткер қатысып, 9 жанр бойынша өнер көрсетіп, үздік деп танылған 32 үміткер ақтық кезеңге жолдама алған болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі