Ақтөбе облысында уақытша ұстау изоляторынан қашқан ер адам сол күні ұсталды

Ақтөбе облысында уақытша ұстау изоляторынан қашқан ер адам сол күні ұсталды
ЖИ: Dalanews.kz

Ақтөбе облысында уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен 33 жастағы ер адам сол күні қайта ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Диапазон» басылымының мәліметінше, ер адам көлікті мас күйінде басқарғаны үшін сотталған. Оның үстіне ол рөлге жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан отырған. Сот үкімінен кейін бірнеше күн өткен соң ол Бадамша ауылындағы уақытша ұстау изоляторынан қашуға әрекет жасаған.

Тергеу мәліметінше, кешкі серуен кезінде ол аспалы құлыпты ашып, көрші аулаға өткен. Кейін қабырғадан шығып тұрған ұлутас бөлігін сындырып, темір арматураны майыстырған соң ғимараттың шатырына көтерілген. Одан әрі тікенекті сымнан асып түсіп, изолятор аумағынан шығып кеткен.

Ер адам жаяу жүріп Кемпірсай ауылын айналып өткеннен кейін Ақтөбе қаласына қарай кетіп бара жатқан көлікке отырған. Алайда діттеген жеріне жете алмай, сол күні полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Сот оның қашып кеткені үшін 1,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейінгі өтелмеген жаза мерзімі қосылып, жалпы жаза мерзімі 2 жыл болып белгіленді.

Енді ол жазасын жалпы режимдегі колонияда емес, қауіпсіздігі ең жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады.