Алматы қаласының Наурызбай ауданында аумағы бір гектар болатын жаңа қоғамдық кеңістік құрылып жатыр. Саябақ отбасылық демалысқа, серуендеуге және әр жастағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған. Ол аттракциондар паркі Alem park-тың жанында орналасқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа демалыс аймағының құрылатыны туралы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.
Жобада көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Саябақ аумағына 200 ірі көлемді ағаш, 85 қылқан жапырақты ағаш, шамамен 30 мың бұта және 1,5 мың раушан гүлі отырғызылады.

Тұрғындарға қолайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолдары, орындықтар және жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Жасыл желектердің жағдайын тұрақты күтіп-баптау автоматтандырылған суару жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.
Жаңа демалыс аймағында фонтан, «Отбасы» композициясы, перголалар және балаларға арналған ойын алаңы да пайда болады. Осылайша, кеңістік отбасылық демалысқа, серуендеуге және тыныш уақыт өткізуге қолайлы болады.
Жобаның жүзеге асырылуы Наурызбай ауданында абаттандырылған жаңа демалыс аймағын құруға және тұрғындарға арналған көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктердің санын арттыруға мүмкіндік береді.