Түркістандық 3 отбасыға демеушілер баспана сыйлады

Жарбол Кентұлы 18 сәу. 2024 11:41 3033

Түркістан қаласында тағы үш отбасы қуанышқа кенелді. Демеушілер есебінен қабырғасы қаланып, бой түзеген баспаналар әлеуметтік қолдауға аса мұқтаж деп танылған үш отбасына табысталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әр үй 85 шаршы метрді құрайды, үш бөлмесі, асханасы және арнайы шомылу бөлмесімен қамтамасыз етілген. Электр желісіне, табиғи газ бен ауыз су жүйесіне қосылған. 

Бұл қуанышқа облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ортақтасып, отбасыларға ізгі тілек-ниеттерін білдірді.

Тұрғындар облыс әкімінің қабылдауында баспана мәселесін көтеріп, көмек сұраған болатын. Өтініш қабылданды.

– Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – ең өзекті әрі маңызды мәселе. Түркістан облысында бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Шаңырақтарыңыз шаттыққа, жақсылыққа толсын. Шын жүректен құттықтаймын! – деді Дархан Сатыбалды.

Баспана кілтін табыстау сәтінде тұрғындар осы игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын жаудырды. Қазіргі таңда облыс орталығында үй кезегінде 17 мыңға жуық адам тіркелген. 2014 жылдан бері Түркістан қаласында кезек бойынша 3298 пәтер үлестірілсе, демеушілер есебінен 50-ге жуық баспана тарту етілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар