Түркістандағы ұлттық құрылтай отырысы саяси реформаларға арналуы тиіс – кәсіподақтар қауымдастығы

Dalanews 04 қаз. 2022 04:23 933

Ұлттық құрылтай қоғамдағы қаны сорғалаған мәселелерді тура айтып, мұқият талқылайтын «ашық алаңға» айналуы тиіс.

Кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы, құрылтай мүшесі  Сатыбалды Дәулетәлиннің айтуынша Тоқаевтың тұсында толық өзгеріп, жаңадан жасақталатын мемаппарат қоғаммен қойын-қолтық жұмыс істеп үйренуі қажет.

Халықпен шынайы пікірлесіп, кемшілігі болса жасырмайтын, артықшылығын асырып айтпайтын шенеуніктердің шоғырын қалыптастырған маңызды.

Сөй деген Дәулетәлин:

«Өткен жылдары мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл әлеуетінің іске асырылмауы азаматтар үшін де, билік үшін де белгілі бір проблемалар туғызғаны анық.

Бүгінде билік икемді болуға, қоғамда болып жатқан үдерістерге жедел ден қоюға, сол арқылы енді азаматтық қоғамға қарсы шықпай, онымен үйлесімді болуға тырысуда. Құндылықтар «мемлекет адам үшін» дейтін аса маңызды қағиданың пайдасына өзгеруде», - деп атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік басқару мәселесі билік пен азаматтардың әріптестік мәселесіне айналып барады.

«Қоғамды бір жұдырыққа жұмылдыру анау айтқандай оңай шаруа емес. Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаевтың алдында мемлекеттілікті нығайту міндеті тұр. Түркістанда өтетін келесі Құрылтайда осы мәселені жан-жақты талқылауға тиіспіз.


Ал азаматтық қоғам аяғынан тұрып, толық қалыптаспайынша Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес. Қоғам белсенді болған жерде билік әрбір шешімге жауаппен қарайтын болады.

Бұл бағыттағы басты қадамдардың бірі – халық пен билік арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін орган ретінде Ұлттық Құрылтайдың құрылуы екені сөзсіз.

Ұлттық Құрылтайдың құрылуы «билік – қоғам – азамат» парадигмасындағы қарым-қатынастарды сапалы, жаңа деңгейге көтеру, оларды тиімді және нәтижелі ету міндетін қойып отыр», – дейді сарапшы.

Дәулетәлин пайымдауынша халық президент Тоқаевтың концепциясының төңірегіне топтасуға әзір. «Еститін үкімет», «Әділетті Қазақстан» секілді ұстанымдар елдің көңілін шығып, халықтың көкейіндегі тілекті тап басқан.

«Ең маңызды әлеуметтік-саяси мәселелерді шешуде қоғамның келісімі болмаған жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның күштерін біріктіру мүмкін емес, тұтастай алғанда мемлекеттің прогрессивті және қарқынды дамуы мүмкін емес», – деп дейді Кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы.

DALANEWS АНЫҚТАМАСЫ:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын бұл орган азаматтық қоғамның өзекті мәселелерін шешуге арналған.

Оның мүшелерінің қатарында саяси және қоғам қайраткерлері, еліміздің барлық өңірлерінің белсенділері, соның ішінде этникалық және діни азшылық өкілдері, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер, заңгерлер және басқа да көптеген адамдар бар.

Бұлардың барлығы құрылтайға келісім бойынша қатысып отыр, бірін-бірі алмастырады. Ұйымда тек төрт адам өзгеріссіз қалады. Құрылтайдың төрағасы – республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның екі орынбасары бар.

 Бірінші орынбасары экс- Президенттің көмекшісі және экс-Мемлекеттік хатшы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалған Ерлан Қарин. Мемлекеттік кеңесшінің жаңа лауазымында ол Президентке толық есеп береді және бақылайды, оның мүдделерін білдіреді және Президент үшін ішкі саясат саласындағы стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайды.


Екінші орынбасары - Бибігүл Жексенбай, "Бас редакторлар клубы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті, елімізге білгілі журналист.

2016 жылдан бастап ол Тоқаев Президент болғанға дейін және Қазақстан Парламенті Сенатының (жоғарғы палатасының) төрағасы қызметін атқарғанға дейін Кемелұлының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар