Түркістандағы 12 ауылдық округ Кентау қаласының аумағына өтеді

Dalanews 27 шіл. 2018 08:48 871

Мұндай шешім бүгін Түркістан облысында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында қабылданды.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХVІІІ сессиясында мәлім болғандай, Түркістан қаласындағы 721745 га аумақ жер, яғни, 12 ауылдық округ Кентау қаласының аумағына өтетін болды.

Мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауына ие болған күн тәртібіндегі бірінші мәселе жайлы ойын білдірген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев барша облыс жұртшылығын қос шаһардың дамып, өркендеуіне бір кісідей атсалысуға шақырды.

“Түркістан қаласы облыс орталығына айналуына орай, Кентау қаласының шекарасы өзгеретін болды. Мұндай шешім екі қаланың тиісті деңгейде дамуы үшін жасалып, барлық мемлекеттік органдармен мақұлданды. Сонымен бірге, халық қалаулыларының келісімі нәтижесінде қабылданып отыр. Сондықтан, облыс тұрғындарын Түркістан қаласы мен кеңейген Кентауды көркейтуге бірге атсалысуға шақырамын”, – деді Ж.Түймебаев.

Сессия отырысында, мұнан бөлек, «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жайы мен «Облыстық бюджет және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, депутаттар тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, Түркістан облыстық мәслихаты аппаратының құрылымы мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ.

Айта кету қажет, бүгінгі сессия отырысына Б.З.Мұсабеков төрағалық етті.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар