Түркістанда туристік маусымның ашылуында 2,5 тонна наурыз көже дайындалады

Жарбол Кентұлы 12 нау. 2025 09:18 296

Түркістанда 19 наурыз күні «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» атты туристік маусымның ашылуы өтеді. Бұл шара өңірдің туристік әлеуетін арттырып, инфрақұрылымын жақсартып, қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

– Биыл өңіріміз үшін тарихи оқиға орын алуда. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң қабылданды. Бұл құжат – қаланың халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуына үлкен мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, өңірге келетін туристер санын арттырып, Түркістанның мәдени және рухани мұрасын кеңінен насихаттау көзделіп отыр, – деді спикер.

Туристік маусымның ашылу салтанатында «Jana lep» шығармашылық ұжымы, «Самғау» би ансамблі, ұлттық аспаптарда орындаушылар, DJ Shamil және басқа да өнерпаздар өнер көрсетеді. Сонымен қатар, от шоуы, сиқыршылар қойылымы, барабан шоуы және поэзия кештері ұйымдастырылады. Іс-шара барысында 2,5 тонна наурыз көже дайындалып, Қазақстанның «Киннес» рекорды жаңартылмақ.

Сондай-ақ, 19 наурызда Түркістан қаласында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» республикалық туристік форумы өтеді. Жиынға Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы бизнес өкілдері мен қолөнершілер қатысады. Бұл шара өңірдің туристік саласын дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етпек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар