Шахтинск қаласында алаяқтық пен бопсалау бойынша резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қарағанды облысында 10 адам тұрғындарға қатысты алаяқтық жасап, бопсалаумен айналысты деген айыппен сот алдында жауап берді. Сот материалдарына сәйкес, олар 2023 жылдан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін алдын ала сөз байласу арқылы әрекет етіп, Шахтинск қаласының кемінде 14 тұрғынынан заңсыз жолмен ақша алған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер жәбірленушілерді алдап, сенімге кіріп, кей жағдайда күш қолданамыз деп қорқытқан. Соның салдарынан тұрғындар әртүрлі көлемде несие рәсімдеуге мәжбүр болған. Алайда алынған қаражатты өздері пайдалана алмаған. Ақшаны айыпталушылар иемденіп отырған.
Сот үкімімен бірнеше айыпталушы 4 жыл 8 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Екі адамға 6 жыл, тағы екі адамға 5 жыл, бір адамға 7 жыл, қалғандарына 4 жыл 8 ай және 6 жыл 6 ай жаза тағайындалды.
Айыпталушылардың біріне рақымшылық туралы заң қолданылып, ол жазадан босатылды. Тағы бір сотталушыға кәмелетке толмаған, онкологиялық ауруға шалдыққан баласының болуына байланысты 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді.
Прокуратура сотталушыларға 4 жылдан 12 жылға дейін жаза тағайындауды сұраған. Ал қорғау тарапы олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екенін айтып, ақтауды талап еткен.
Сот мәліметінше, іс бойынша тағылған баптар ауыр қылмыстар санатына жатады. Кей эпизодтар бойынша заңда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.