Әлеуметтік желіде Астанадағы LRT станцияларының бірінде төбеден су тамшылап тұрған видео тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кадрлар желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік жаңа іске қосылған желіге қатысты сұрақтар қоя бастады.
Алайда City Transportation Systems жағдайға түсініктеме беріп, бұл ақау емес екенін мәлімдеді.
«LRT станцияларының жекелеген учаскелерінде өртке қарсы жүйелерді іске қосу және баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында мамандар жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен реттеу жұмыстарын атқарады», – деп хабарлады компания.
Мекеме мәліметінше, қазіргі уақытта өрт кезінде түтінді шығаратын шатыр люктерінің герметикалығы қалпына келтіріліп, қайта реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Осылайша, CTS өкілдері әлеуметтік желіде тараған видеодағы жағдай LRT желісіндегі ақаумен емес, техникалық іске қосу жұмыстары аясында болғанын айтты.