"Оқу жылын аяқтай алмадым": Белгілі мектеп директор ауруханаға түсіп қалды (ВИДЕО)

"Оқу жылын аяқтай алмадым": Белгілі мектеп директор ауруханаға түсіп қалды (ВИДЕО)
ozgeris.info

Мектеп директоры әрі әлеуметтік желіде танымал ұстаз Ақмоншақ Нұртаза денсаулығына байланысты ауруханаға түскенін айтты. Ол бұл туралы Instagram парақшасында жазып, оқу жылының соңына дейін шыдай алмай ауырғанын жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Оқу жылының соңына жете алмай, ауырып қалыппын. Бірақ шүкір, керемет дәрігерлердің қолына түстім. Сіздердің ақ тілектеріңіз бен дұғаларыңыздың арқасында тезірек сауығып кетемін деп сенемін", – деп жазды ол.

Ақмоншақ Нұртаза соңғы үш жылда өзін кейінге ысырып, денсаулығына жеткілікті көңіл бөлмегенін де ашық айтты. Оның сөзінше, директорлық қызметке кіріскеннен бері жұмысты бірінші орынға қойып, дәрігерге қаралуға уақыт таппаған.

"Директор болғаныма 3 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде өзімді кейінге ысырып, дәрігерге қаралуға уақыт таппадым. Үнемі жұмысты, уақытты сылтау еттім. Бірақ денсаулық күтпейді екен", – деді ол.

Ұстаз оқырмандарына өз денсаулығына бейжай қарамауға кеңес берді. Оның айтуынша, адам ең алдымен өзіне, содан кейін отбасы мен жақындарына керек.

Сонымен қатар Ақмоншақ Нұртаза дәрігерлерге алғыс айтып, наркозбен жасалған зерттеуден кейін жағдайы жақсы екенін жеткізді.

"Денсаулық – бәрінен қымбат. Ауырмаңыздар. Дәрігерлерге ерекше респект. Біз, ұстаздар, кейде жұмысымызды қиын санаймыз, бірақ дәрігерлердің еңбегіне бас иемін. Аман болыңыздар, ақ халатты абзал жандар", – деп жазды ол.