Түркістанда қант диабетіне қарсы "Ашық есік" күні өтті

Dalanews 14 қар. 2018 14:05 249

14 қараша — әлем жұртшылығы үшін қант диабеті ауруына қарсы күрес күні. Осыған орай, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық орталық емханада «Ашық есік» күні өтуде.

Қан диабеті (Сусамыр) дертімен күрес аясында, науқастар Түркістандықтар облыстан арнайы келген эндокринолог мамандардан кеңес алып, тұрғындар қандағы қант деңгейін анықтау анализін жасатуда.

14 қараша —  инсулинді синтездеп, алғаш рет науқасқа еккен ғалым Фредерик Банкингтің туған күні құрметіне белгіленді. Бұл күнді әлемнің 160 мемлекеті атап өтеді.


Қант диабеті – кең тараған қауіпті ауру. Жазылмас дертке шалдыққандар саны жыл өткен сайын көбеюде. Бүгінде денсаулықты сақтаудың, кез- келген кеселдің алдын алудың ең тиімді жолы — скрининг. Осы арқылы халықтан кең тараған ауру түрлері ертерек анықталып, ұтымды емдеу ісі жүргізілуде. Түркістан облысында соңғы 10 айдың ішінде 2,5 мың адамнан Қан диабеті анықталған. Бұл науқастар «Денсаулық» басқармасы аясында өткізіліп жатқан тегін скрининг жұмыстары барысында анықталған. 40 пен 70 жас шамасындағы азаматтар тіркелген емханасында скринингтен ақысыз өте алады.

Дәрігерлер 40 жастан асқан, дене салмағы ауыр адамдар мен гипертонияға шалдыққан жандарға қант диабетіне ұдайы тексеріліп отыру керегін ескертеді. Дерттің бұл түрі тұқым қуалайды.

Сусамыр ауруы өте күрделі және қатерлі ауру. Бұл ауруға қанттың қандағы деңгейі көтерілуі тән. Оның соңы асқазан асты безі шығаратын гормон- инсулиннің аздығы туындап, ақырында зат алмасудың бұзылуына алып келеді. Қант диабетінің ІІ типі таблеткамен емделсе, І-шісі тек инсулинге көнеді.

Түркістан облысында 23 мыңға жуық адам қан диабеті дертіне шалдыққан. Сусамыр дертіне шалдыққандардың 93% -ы 40 -80 жас шамасындағы азаматтар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x