Түркістанда 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай бір айға созылатын акцияның ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Іс-шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов және спортшылар сөз сөйлеп, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы, болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні анық. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасына сәйкес аймақта есірткіге қарсы күрес, жастарды қолдау жұмыстары жалғасуда. Ал бүгін Түркістан облысында «Есірткісіз болашақ!» ұранымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы айлық іс-шарасы басталды. Облыс жастары мен балалар арасында есірткіге қарсы иммунитетті және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы бұл іс-шараның маңыздылығы ерекше. Өңірде облыс әкімдігі мен құзырлы мекемелердің іс-шаралар жоспары бекітілген. Бір ай бойы нашақорлыққа қарсы күресті күшейту, оның алдын алу бағытында іс-шаралар, акциялар өтеді. Жастарымыз саламатты өмір салтын ұстанып, тұтас қоғам сергек болулары тиіс. Құрметті жастар! Ел болашағы Сіздердің қолдарыңызда. Жаман әдеттен аулақ болып, білімге, спортқа, өнерге бет бұрыңыздар. Баршаңызды саламатты өмір салтын ұстанып, Қазақстанды, Түркістанды дамытуға шақырамын! – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Іс-шараның мақсаты — жастар мен қоғам арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың зияны туралы ақпарат тарату және есірткіге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру. Акция аясында түрлі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, концерттік және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылды.
Салауатты өмір салты насихатталған жиынға билік өкілдері, білім және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері, жастар ұйымдары мен қала тұрғындары белсене қатысты. Акция барысында мамандар нашақорлықтың алдын алу жолдары, емдеу әдістері және тәуелділіктен арылу тәсілдері туралы мағлұмат берді.
Жергілікті өнерпаздар мен спортшылар, әскерилер өз өнерлерін ортаға салып, шара қонақтарына ерекше көңіл-күй мен патриоттық рух сыйлады. Олардың орындауындағы музыкалық және би қойылымдары көрермендер тарапынан жылы қабылданды.
Айта кетейік, осы күні танымал спортшылардың қатысуымен таңғы жаттығу өткізілді.