Алматы облысындағы Талғардағы резонансты оқиғадан кейін қызметінен кеткен полиция генералы Серік Шалхаров Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Dala News.
Бұл ақпаратты Ақтөбе облыстық полиция департаменті растады.
Серік Шалхаров бұған дейін Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Алайда Талғардағы қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғадан кейін қызметінен кеткен болатын.
Жаңа қызметінде ол Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымын иеленді.
Серік Шалхаров 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1992 жылы жүргізуші болып бастаған. 1994 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып, Шымкент пен Түркістан өңірлеріндегі қылмыстық полиция бөлімшелерінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2014 жылдан бастап Мақтаарал аудандық ішкі істер бөлімін басқарды, кейін Түркістан облысы полиция департаментінде басшылық қызметтер атқарды. 2020 жылы ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалып, республикалық деңгейдегі жедел-іздестіру жұмыстарына жетекшілік етті.
2023 жылы Алматы облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы, ал 2024 жылы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіне кіріскен еді.