Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Dala News.
Мемлекет басшысына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай және Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірлердегі ахуал туралы баяндады.
Президент өңірлерді дамыту жаңа тәсілдерді талап ететінін атап өтіп, облыс экономикасын нығайту және тұрғындарды алаңдататын әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді талап етті. Атап айтқанда, балаларды оңалту орталықтарын, емханалар мен ауруханаларды, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған басқа да нысандарды салу жұмыстарына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығына да тоқталды.
Президент әкімдерге халықпен тұрақты байланыста болып, туындайтын мәселелерге жедел ден қоюды, экологиялық жағдайды бақылауда ұстауды және қоғамдық тәртіп мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.