ТҮРКІСТАНДА КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН 100-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫНҒА – БАСПАНА, ЖАСТАРҒА ЖАҢА ҒИМАРАТ ТАПСЫРЫЛДЫ

Жарбол Кентұлы 25 мау. 2024 21:26 2889

Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 88 пәтер кілті табысталды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, пәтер иелеріне ізгі ниетін білдірді.


– Бүгін сіздермен ерекше қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 6 жыл толды. Осы айтулы мереке аясында бүгінгі іс-шараны жоспарлаған болатынбыз. Бұл үйлерді кәсіпкерлер нарыққа сатамыз деп салған болатын.

Біз бюджеттен қаржы тауып, кәсіпкерлермен келісіп, үйлердің бағасын төмендетіп, арнайы сатып алдық. Сөйтіп шаһардағы мұқтаж азаматтарға беру туралы шешім қабылдадық. Көріп тұрсыздар, үйлер мен ауласы өте ыңғайлы, әдемі. Айналасын таза ұстау өз қолдарыңызда. Сіздермен бірге өзіміз үй алғандай қуанып жатырмыз. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тұрғындарды баспанамен қамту тапсырмасы аясында атқарылып отыр. Шаңырақтарыңыз берекелі әрі бақытқа, шаттыққа толы болсын! – деді Дархан Сатыбалды.


Элиталы болып саналатын үш қабатты «Яссауи» тұрғын үй кешенінің аумағында балалар ойын алаңшасы, көлік тұрағы бар және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Облыс орталығында тұрғын үй кешендерінің құрылысы жалғасып жатыр. Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген.

Сонымен қатар осы жылы жалпы 191 үй салу жоспары бекітілді. Бүгінде 159 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, Түркістан қаласы халықты баспанамен қамту бағытында елімізде алдыңғы қатарда. Облыс орталығында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2558 азамат баспаналы болды.

Сонымен бірге бүгін Түркістан қаласында «Жастар орталығының» жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркістандық жастарға заманауи орталықтың кілтін табыстап, әр бастамаларына сәттілік тіледі.

Жастар орталығына арналған бұл нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Сәулеті мен салтанаты келіскен ғимарат тәулігіне 100-ден аса жасқа қызмет көрсетеді. Онда жастарға білімін көтеріп, салауатты өмір салтын ұстануға, шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Орталық арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдарымен қамтамасыз етілген. Еріктілерге арнайы үлкен зал мен кинотеатр да қарастырылған. Айта кетейік, Түркістан қаласында 14-35 жас аралығында 71 486 жас бар. Қаладағы 2 жоғарғы оқу орында 12 265 студент білім алып жатыр.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар