Түркістанда да Назарбаевқа ескерткіш орнатылды

Dalanews 03 шіл. 2021 16:37 734

Түркістанның жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі хабарлады, деп жазады Dalanews.kz. 

Ескерткіштің биіктігі – төрт метр. Қоладан жасалған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген реставраторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев.

"Ескерткіш ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған. Түркістандағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған мүсіннің композициясында "Ұлы Даланың Ұлы" атты Елбасы ескерткішінде қарт Қаратаудың сұлбасы бейнеленген. Автор Елбасының Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген", - деп хабарлады әкімдік.

Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, аталған идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірген.

Түркістан әкімдігі осы бастама бойынша жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізді.

“Сауалнамаға 1000 респондент қатысып, олардың 93% бастаманы қолдайтындарын білдірген болса, респонденттердің 4,5% қарсы, 2,5% бейтарап позицияны ұстанған", - деп қорытындылады әкімдік.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар