Түркістанда «Балтаңдай» облыстық балалар өнер фестивалі басталды

Жарбол Кентұлы 27 мам. 2025 16:55

Бүгін Түркістан қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балтаңдай» облыстық балалар өнер фестивалі басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Өңірдің барлық аудан-қаласынан келген 9-15 жас аралығындағы жас өрендер екі күн бойы ән, би, сурет, терме, драма бағыты бойынша сайысады.

Фестиваль – өнерге бейімі бар балалардың шығармашылығын қолдау, олардың талантын көпшілікке таныту және рухани дамуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Байқаудың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасы құрамына өнер мен мәдениет саласында тәжірибесі мол, беделді мамандар тартылған.

Олар әр қатысушының орындаушылық шеберлігіне, сахналық мәдениетіне, тақырыпты ашу деңгейіне және көркемдік мазмұнына жіті мән бере отырып, байқау талаптарына сай бағалайды.

Айта кетейік, бүгін таңнан бастап «Фараб» кітапханасында сурет, терме және драма жанрлары бойынша байқау өтіп жатыр. Ал, ертең 28 мамыр күні «Керуен сарай» кешенінде қатысушылар ән және би жанрларында бақ сынайды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар