Түркістан облысында 6-сынып оқушысы сабақ уақытында қайтыс болған. Dalanews.kz осы оқиғаға байланысты өңірдің Полиция департаментіне сауал жолдады.
БАҚ-та қандай ақпарат тарады?
"Курсив" басылымы мәліметінше, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ уақытында қайтыс болған.
Анасы Гүлмира Көшеевның сөзінше, ойын баласы сыныптасының телефонын тартып алып қашқанда, сыныптасы артынан келіп буындырған. Ауа жетпей тұншыққан Ұлағат оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болған.
Оқиға 7 ақпанда Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылындағы А.Оразбаева атындағы жалпы орта мектептің тарих пәні кабинетінде болған. 12 жастағы Ұлағат Сейдолла әдеттегідей анасымен қоштасып, сабағына кетіп, үйіне табытпен оралған.
Гүлмира Көшеева "баламның өліміне себепші болғандар жазасыз қалмаса" дейді.
Күдікті оқушы 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, қылмыстық іс қысқарған. Оның ата-анасына айыппұл салынған.
Полиция не дейді?
Түркістан облысы Полиция департаменті Dalanews.kz-ке берген жауабында мән-жайды түсіндірді.
"7 ақпанда Түркістан облысының Қазығұрт ауданында кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 141-бабы 2-бөлігімен (Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқушының қайтыс болуы денсаулық жағдайының күрт нашарлауына байланысты болғаны анықталды. Ол медициналық мекемеге барар жолда қайтыс болды", - деді полиция.
Тергеу аясында куәлардан, оқытушылардан жауаптар алынған.
"Жәбірленушілердің дәлелдері мен алынған бейнежазбалар зерттелді, бірқатар қажет сараптама тағайындалды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдары жабылып, тілдің көмейге түсуінен туындаған асфиксия салдарынан болған", - деді ПД өкілі.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілі "мәйіттен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, тұншығу белгілері табылмады" деп отыр.
"Тергеу нәтижесі бойынша өлімнің қылмыстық сипаты анықталмады және қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тоқтату туралы бекітілген қаулыны прокурор тексеріп, қабылданған шешімнің заңдылығын қарап шықты. Сонымен қатар, әкімдікке оқиғалар мен құқықбұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныс енгізілді", - деді полиция.
Бұл жағдайдан кейін полиция мектеп директоры мен бес педагог жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді.