Мемлекет басшысының атаулы шешімінен кейін өңірде тың тенденциялар жолға қойылды, Түркістан түлей бастады. Дамудың тың жолына бет бұрған қалаға жаңа тыныс берілді. Әкімшілік орталықтың Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру ырықсыздандыру тұрғысынан алғанда үлкен мәнге ие. Себебі жекелеген қалалардан кейбір мәртебелердің ығысуы бұл қаланың ары қарай дамуына кең мүмкіндік ашады.
Мәселен, бұған дейін Алматы ел астанасы болды, кейіннен бұл мәртебеден айырылып, облыс орталығы болды, содан кейін ғана республикалық маңызы бар қала лауазымын алды. Осылайша Алматы өзінің дамуына жаңа мүмкіндік алды. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы деп өзгеруінің де мәні зор екенін Жұмалы мырза тілге тиек етті.
Түркістан деген киелі әрі қазақи атаудың идеологиялық әрі тарихи тұрғыда да мәні үстем екендігін алға тартқан саясаттанушы бұл үрдістің басқа өңірлерде де жалғасын табуы нұр үстіне нұр болатындығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 29 қыркүйекте Түркістан облысына мемлекеттік сапармен барды. «Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны өте бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – Қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і – ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы»,– деді Мемлекет басшысы.
Расул Жұмалы, сарапшы.