Түркістанда "Сәйгүліктер" фестивалі ұйымдастырылады

Dalanews 30 қар. 2018 06:27 857

Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі  селекторлық жиында Түркістан облысының әкімі 2019 жылы өңірде «Сәйгүліктер» фестивалі ұйымдастырылатынын айтты.

Ұлттық кодты жаңғырту мақсатында өткізілетін шара аясында ұлттық ат спорт ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, сәйгүліктер шеруі, сондай-ақ ат әбзелдері, аттылы жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтарына арналған көрмелер, жылқы малына байланысты жыр мүшәйрасы, жыршылар мен термешілер байқауы өтеді деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Шығыс базары» атты фестиваль өткізу жоспарға қойылған. Ондағы мақсат қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтардың жәрмеңкесі өткізу арқылы қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтың бірі екенін паш ету.

Одан бөлек, Қ.А.Ясауидің тарихи болмысын жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында бірқатар шаруалар атқарылмақ.



Атап айтқанда, Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Ясауи музейі салынбақ. Бұл мұражайда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады.


Яғни, Ясауи феноменін жоғарылатып, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамыту мүмкіндігі ашыла түседі. Сондай-ақ, Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпірінде Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ясауитанушылардың басын қосып, халықаралық конференция өткізу межеленген. Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі.


Атқарылған жұмыстар мен жоспарға қаныққан Әсет Өрентайұлы шаруаны ширата түсіп, кестеге сай жұмыс істеуді тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар