Түркістан облысында алғашқы қауын-қарбыз өнімдері жинала бастады. Жетісай ауданының диқандары ерте көктемде еккен бақша дақылдарының алғашқы жемісін жинап, өнімдерін ішкі нарық және Ресейге жөнелтуде,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Қазір 100 тоннадай қауын экспортқа шығарылды. Шаруалар әр гектардан орта есеппен 400 центнерге дейін өнім алуды көздеп отыр.
Ал Келес ауданында қарбыз маусымы қарқынды басталды. Егіншілер суармалы алқаптарға еккен өнімін ерте жинады. Қарбыздың салмағы 15 келіге дейін жетіп, келісі 200 теңгеден сатылып жатыр.
"Суару маусымы басталғалы бері еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі «Қазсушар» филиалдары диқандарға 2,5 млрд текше метрден астам су берді. Түркістан облысына 1,3 млрд текше метр су беріліп, 276 мың гектар жер суарылды. Жетісай ауданында 84,3 мың гектар егіс алқабын суаруға 304 млн текше метр су жіберілді. Оның 97,5 млн текше метрі 13 384 гектар бақша және көкөніс алқаптарын суаруға жұмсалды", - делінген Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарламасында.