Бүгінде Түркістан облысында қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетіп, шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн теңгеден асқан (2018 ж. 130,9 млрд. теңге).
«Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.
– Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн теңгегедей инвестиция тартылды.
Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі.
5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды, – деді Дархан Сатыбалды.
Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд тг.).
Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.
Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.
5 жылда 6 100 шақырым жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.