Түркістан облысында екі полицей есірткі сатты деген күдікпен ұсталды

Көркем Алдабергенова 17 қаз. 2025 12:20

Түркістан облысында екі полиция қызметкері есірткі саудалады деген күдікпен қолға түсті. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігі ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына жауап ретінде растады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Министрліктің хабарлауынша, күдіктілерді Ішкі қауіпсіздік департаменті мен Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірлесіп ұстаған.

«Құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікпен екі полицей ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал олардың бірі қашып кетті деген мәлімет шындыққа жанаспайды», – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Полиция департаментінде тәртіптік комиссияның отырысы өтті. Нәтижесінде екі қызметкер де қызметінен босатылды», – деп нақтылады Әлекешев.

Сонымен қатар, басшылық құрам өкілдеріне қатысты қызметтік тексеріс те басталған.

Бұған дейін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында Түркістан облысында тәркіленген есірткіні қайта сатып жүрген полицейлер туралы жазған еді. Оның дерегінше, ұсталғандардың бірі – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары, ал екіншісі – жедел уәкіл болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар