Түркістан облысында қуаты 1 мың МВт-қа дейін жететін бу-газ станциясы салынып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекет басшысы айтқан «Дамыған аймақтар – қуатты экономика» қағидатын іске асыруда Түркістан облысында нақты қадамдар жасалып жатыр. Сайрам ауданында салынып жатқан қуаты 1 мың МВт болатын электростанция іске қосылғанда Түркістан облысында энергия тапшылығы шешіледі.
«Самұрық-Қазына» қорының еншілес ұйымы – «БГҚ Түркістан» ЖШС қолға алған бу-газ станциясының құрылысы Сайрам ауданының Қарамұрт елді мекенінде жүзеге асуда.
Оңтүстік Кореяның «Doosan Enerbility» және Қазақстандық «Bazis Construction» компаниялар консорциумы іске асырып жатқан жоба 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысындағы энергия тапшылығын еңсеруге көмек көрсететін жаңа буын энергия өндіретін кәсіпорын болмақ.
Құны 800 млрд теңге тұратын жоба толық өндірістік қуатына шыққанда 926,5 МВт электр қуатын өндіреді. Мұнда қойылатын газ турбиналық қондырғылар Германияның «Siemens Energy» компаниясының өнімі болса, бу турбиналық қондырғылар Чехияның «Doosan Skoda Power» компаниясының өнімі болмақ. Италиядан қазандық құрылғылары, Қазақстанның «Asia Trafo» компаниясынан қуат арттыру трансформаторлары әкелінеді. Үздік технологиялық шешімдер бойынша салынып жатқан кешен үшін 60 га жер бөлінген.
Қазір мұндағы құрылысқа 11 компаниядан 2500-ге жуық адам тартылған. Оладың көбі – Төле би, Сайрам ауданының тұрғындары. Құрылыс жұмыстары аяқталып, кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуге көшкенде мұнда тұрақты жұмыспен қамтылатын азаматтардың саны 300-400-ге жетеді деген болжам бар.
Қазір кәсіпорын қажеттілігі үшін жоғары қысымды газ жеткізуде магистральды газ құбыры салынып жатыр. Газ жүйелері тартылатын аймақтар бойынша жерлерді жекеменшік иелерінен сатып алу жұмыстары атқарылып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқыны артқан.
Электр қуатын өндіретін аумақтан экономикаға оң әсерін беретін, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтитын және аймақтың өндірістік әлеуетін көтеруге баса мән берілуде. Оның ішінде осы аймақта өндірістік парк салу бастамасы жүзеге асырылмақ.