Түркістан облысында 70-ке жуық жағажай ашылады – ТЖД

Ақтоты Жапатова 28 мам. 2025 16:08

Түркістан облысында биыл жаз маусымында 70-ке жуық ашық жағажай ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Оразгелді Дүйсеннің айтуынша, өңірде шомылу маусымы басталмай жатып, суға кету оқиғалары көбейген. Жыл басынан бері облыс аумағында 30 адам суға батып, тілсіз жаудың құрбанына айналған. Оның ішінде 13-і – жас балалар.

«Облыстағы басты проблемалардың бірі – арнайы шомылу орындарының жетіспеушілігі. Мәселен, өткен жылы тек 14 жағажай ғана жұмыс істеді. Бұл 2 миллионнан аса тұрғыны бар өңір үшін тым аз. Сол себепті облыс әкімінің тапсырмасымен биыл 70-ке жуық жағажай ашу көзделіп отыр», – деді маман.

Төтенше жағдайлар департаменті басшысының сөзінше, өңірде аквапарк салу мәселесі де қарастырылуда. Бұл, бір жағынан, халыққа қауіпсіз демалыс ұсынса, екінші жағынан, стихиялық шомылу орындарын азайтуға ықпал етпек.

Оның айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі – шамамен 45 пайызы – каналдар мен арықтарда орын алады. Осыған байланысты жыл басынан бері облыс аумағында 742 рейд жүргізіліп, қауіпсіздік ережелерін бұзған 53 азаматқа жалпы сомасы 730 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.

ТЖД өкілдері тұрғындарды суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, тек рұқсат етілген орындарда шомылу және ішімдік ішіп суға түспеу сынды қарапайым ережелерді сақтау маңызды екенін ескертті.

Жаңа жағажайлардың нақты қайда ашылатыны әзірге нақтыланған жоқ. Алайда ТЖ департаменті мен жергілікті әкімдіктер бұл бағытта жұмыстарды бастап кеткенін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар