Түркістан облысында 31 балық шаруашылығы субсидияға ие болды

Жарбол Кентұлы 10 ақп. 2025 23:37 1210

Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны жыл санап артып келеді. Бүгінде бұл өңір жасанды көлдерде балық өсіру бойынша көш бастап тұр. Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Оның ішінде 82-сі жергілікті маңызды су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 231 кәсіпкерлік субъектісі айналысады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылды. Осы ретте жұмысшы топ өкілдері Отырар, Ордабасы, Созақ, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарына арнайы барып, балық шаруашылығымен айналысатын және айналысуға ниетті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде кәсіпкерлер мен шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен жеңілдіктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту саласының әлеуеті жоғары. Акваөсіру бойынша 2024 жылға жергілікті бюджеттен 500,0 млн теңге бөлініп, 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Биыл акваөсіру бойынша 500,0 млн теңге, инвестициялық салымдарды субсидиялауға 120,5 млн теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Айта кетейік, кездесуге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жер қатынастары басқармасы, жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары, «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директорлары, «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының аудандық филиал директорлары және «Шардара балық мектебі» ЖШС менеджерлері қатысты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар