Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға арналған бюджет қаражатын заңсыз алу дерегі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Облыс прокуратурасы 2020–2023 жылдар аралығында әрекет еткен қылмыстық схеманы әшкерелеп, жолын кесті. Тергеу барысында жосықсыз кәсіпкерлер ветеринариялық бақылау жүйесіндегі олқылықтарды пайдаланып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз рәсімдегені анықталды.
Атап айтқанда, кейбір шаруа қожалықтары үшінші тұлғаларға әлдеқашан сатылып кеткен мал басы туралы мәліметтерді «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесі арқылы көрсетіп, субсидия алған.
Мысалы, «Береке» шаруа қожалығы 440 бас ірі қара мен 5 088 бас ұсақ малға заңсыз түрде субсидия рәсімдеген.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 271 млн теңге болды. Бұл сома аса ірі мөлшерде деп танылды. Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізген.
2025 жылғы 1 қазанда сот іс бойынша бес адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Сотталушылар 5 жылдан 6 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекет пайдасына 140 млн теңге өндірілді.
Тексеру нәтижесінде ветеринариялық қызмет тарапынан тиісті бақылаудың болмағаны да анықталып, бұл жағдай қылмыстың жасалуына ықпал еткені атап өтілді.
Қазіргі уақытта прокуратура 300 млн теңгеден астам сомаға қатысты ұқсас жымқыру деректерін тергеп жатыр. Бұл істер жақын арада сотқа жолданбақ.
