Түркістан облысы Шанхайда туристік кеңсе ашты

Ақтоты Жапатова 29 мам. 2025 16:07

ҚХР-ның Шанхай қаласындағы ғасырға жуық тарихы бар Broadway Mansions қонақ үйінде Visit Turkistan туристік ақпараттық кеңсесі ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Кеңсенің негізгі мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларға Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыру және өңірге туристерді тарту.

Қазақстан туризмін халықаралық деңгейде насихаттайтын бұл кеңсенің ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, ізгі ниетін жеткізді.

– Екі ел арасындағы байланыс бірнеше ғасырға жалғасып келеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл тарихи сабақтастық әлем үшін де маңызды. Біз Қытаймен арадағы осы байланысты іскерлік бағытта жаңғыртып, Түркістан облысының туризмін жаңа деңгейге шығарғымыз келеді. Кеңсеміздің ашылуына үлес қосқан SkyWay туроператоры мен Шанхай туристік қауымдастығына алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шара аясында Түркістан облысының туризм басқармасы мен China Corporate United Pavilion Group (CCUP) және SkyWay туристік операторы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қытайлық туристік операторлардың қызығушылығы Түркістанға жаңа туристік ағым қалыптастырады деген сенім бар. Бұл келісім өңірдің халықаралық имиджін көтеріп, туризм саласына инвестиция тартуға және мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Қос тараптың қолдауымен Шанхайда ашылған кеңсе тұрақты әрі жүйелі жұмыс істейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар