Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесіне қатысты заң жобасындағы бірқатар нормаға сын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Түркістан облысы әкімдігіне қарата заң жобасындағы бірнеше терминді түсінбегенін алға тартты.
“Құжатта Түркістанның өз елтаңбасы болады деп жазылған. Меніңше, елтаңба Қазақстанда біреу-ақ. Әлде Түркістан жеке мемлекетке айналмақ па? Бұл мәселені түсіндірулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ құжатта “ескерткіштерге озыңқы күтім жасау” деген ұғым бар. Бұл не деген сөз? “Тарихи-мәдени және рухани нысандардың киелілігін сақтау” дегенді қалай түсінеміз? Кие деген Құдайдан берілетін қасиет емес пе еді?” – деді депутат.
Ал Ұлттық экономика министрі, Премьер-министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаров заңда “елтаңба” ұғымы жоқ екенін, оның орнына “нышан” сөзінің қолданылғанын атап өтті.
“Түркістанға елтаңба емес, қаланың эмблемасы, яғни нышаны берілмек. “Киелілікті сақтау” ұғымы Түркістанның рухани маңыздылығын көрсету үшін енгізілген. Бұл қала еліміздің рухани өмірінде ерекше орын алады. Егер кейбір сөздерді ауыстыру қажет болса, біз екінші оқылымға дейін өзгертуге дайынбыз”, – деді Байбазаров.
Министр сондай-ақ қазақша терминдерді Тіл комитетімен бірлесіп синонимдермен алмастыруға болатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатпау туралы ұсыныс жасаған болатын.
Депутат Түркістан қаласы әкімдігіне сауал жолдады.
"Осы заң аясында Түркістан - рухани астанамыз, Түркістан - арақсыз қала деп Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ?! Өйткені рухани астана деп отырмыз, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында арақсыз қала, рухани қала деп араққа тыйым салуға бола ма?" - деді Назаров.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев депутаттың сауалына жауап берді.
"Түркістан облысында ішімдіксіз ауыл деген арнайы жоба жарияланған. Осы жобаға біздің облыс бойынша отыздан аса ауыл қосылып отыр. Бұл бастама бойынша Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, қоғамның түрлі белсенді өкілдерімен арнайы талқылаулар өткізілген. Түркістан негізгі басымдық бағытында рухани-мәдени бағытпен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан осы мәселеге түрлі көзқарас туындады. Бұл мәселе орынды. Алдағы уақытта заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз", - деді ол.
Еске салайық, келесі жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын аяқтап, бірінші оқылымға ұсынуға дайын.
Бұл құжат Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамытуға бағытталған.