Түркістан әуежайы өңірдің туризмді дамыту бағытымен үйлесімді жұмыс істеуі керек – Дархан Сатыбалды

Жарбол Кентұлы 18 сәу. 2024 13:48 1509

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту, әлеуетін көтеру жөнінде жиналыс өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен әуежайға жауапты өкілдердің есептері, жоспарлары тыңдалды.

Облыс әкімі әуежайдың даму жоспарын туризммен үйлестіру керектігін айтты. Қазіргі көрсеткіштерге көңілі толмайтынын жеткізді.

– Жолаушылар көлігі мен туризмге жауапты басқармалар бірлесе жоспар әзірлеп, жұмысты жүйелесін. Әуежайдың мүмкіндігін тиімді пайдалану керек. Жаңа туристік бағыттар, нысандар, идеялар ұсынып, жүзеге асырыңыздар. Болмайды былай. Басшылық қызмет, жауапкершілік жүктелгеннен соң ел сенімін ақтау үшін бар күштеріңізді салуларыңыз керек.

Әуежай басшылығы да әуежайды дамыту, табысын көтеру, жолаушылар ағынын көбейту үшін жұмыс істеуі шарт. Шетелдің тәжірибесін зерттеңіздер, халықаралық әуе компанияларымен байланысты нығайтыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

«Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайы 4 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби, Самарқан) және 6 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуе бағыттарына қызмет көрсетуде. Рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Wizz Air Abu Dhabi», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» әуекомпаниялары орындайды. Әуежай аптасына 32 рейсті қабылдайды.

Әуежайға халықаралық авиациялық ұйымдардың ICAO және IATA (ICAO — UAIT, IATA — HSA) кодтары берілді. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына – 450, жылына 3 миллион жолаушыны құрайды. 2023 жылы жолаушылар ағыны 359,5 мың жолаушыны құрады (халықаралық – 65,1 мың жолаушы, ішкі – 294,4 мыңнан асты).

Жиында жауапты тұлғалардың жоспарлары, ұсыныстары тыңдалды. Арнайы турпакеттер әзірлеп, туристерді тартудың маңыздылығы айтылды. Осы бағытта жұмыс жанданады. Сонымен бірге халықаралық бағыттар санын көбейту бағытында да келіссөздер жалғасады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x