Turan цифрлық әмияны түркі әлеміндегі қаржылық интеграцияны дамытады

Нұрлан Жұмахан 13 нау. 2025 09:11 330

Қаржылық технологиялардың жаңа дәуірі түркі елдеріне қарай бет алды. Turan қаржылық қосымшасы өзінің цифрлық әмиян қызметін енді Әзербайжан нарығына ұсынатынын мәлімдеді. Бұл жай ғана қосымша бір бастама емес, бұл – Түркі әлеміндегі қаржылық интеграцияны күшейту жолындағы батыл қадам.

Компанияның ресми мәлімдемесінде бұл оқиға Turan-ның «түркі мемлекеттері арасындағы қаржылық байланыстарды нығайту» миссиясымен тығыз байланысты екені айтылды. Шын мәнінде, бұл – жай ғана қосымшаның кеңеюі емес, ортақ экономикалық кеңістіктің қалыптасуына жасалған нақты әрекет.

Turan әзірге Әзербайжан нарығына кірді, бірақ бұл тек басы ғана. Жақын арада қосымша Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда да лицензияланған қаржылық қызметтерін іске қоспақ.

Бұған қоса, цифрлық әмиян Түркі әлемінің басты бағыттарын байланыстыратын қаржы дәліздерін қалыптастырады. Turan қолданушылары Әзербайжан, Қазақстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Қырғызстан және Өзбекстан арасында жылдам ақша аударымдарын жасай алады.

Бұрын шекара деген бар еді, банктік жүйелердің шектеулері мен комиссиялары адамдардың қалтасынан қағып жататын. Енді бұл өзгеретін уақыт келді. Turan-ның ұсынған қызметтері халықаралық аударымдарды жылдам, тиімді әрі қолжетімді етпек. Бұл жаңалық Түркі әлеміндегі миллиондаған адамның қаржылық еркіндігін арттыруға бағытталған.

Turan негізін қалаушы және бас директоры Өзгүр Байрақтар Әзербайжандағы лицензияланған қызметтің басталуы – бүкіл Түркі әлемінің қаржылық байланысын күшейтуге жасалған стратегиялық қадам екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Turan дәстүрлі банктік жүйелерден жылдам әрі тиімді балама ұсынып, қаржы нарығында жаңа ережелер орнатпақ.

– Turan мақсатты елдер арасындағы қаржылық дәліздерді қайта құрып, әмияннан әмиянға аударым инфрақұрылымын күшейтеді. Дәстүрлі банктік жүйелерден жылдам әрі қолжетімді шешімдер ұсынып, Түркі әлеміндегі қаржылық шекараларды жояды, – деді Байрақтар.

Қаржылық шекаралар жойылады, ал адамдар өз ақшасын еш қиындықсыз түркі елдеріне жібере алатын уақыт жақындап келеді. Бұл тек қосымша ғана емес, бұл – ортақ экономикалық кеңістіктің шынайы негізі.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар