ТШИ бойынша антирекорд! Kazakh Invest үнсіздікті бұзып, алғаш рет түсініктеме берді

Кәмшат Тілеухан 30 қаң. 2025 12:43 541

Kazakh Invest ұлттық компаниясы үнсіздікті бұзып, осыған дейін дабыл қағыла айтылып келген Қазақстан экономикасына тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемінің қатты құлдырап, антирекорд тіркеуіне қатысты алғаш рет түсініктеме берді, деп жазады Dalanews.kz

Иә, ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы 9 айында экономикаға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның таза көлемі 72,8 млн долларды құрап, былтыр антирекордты көрсетті. Ал 2023 жылы осыған ұқсас кезеңде бұл көрсеткіш 3,4 млрд долларды құраған, жалпы тікелей шетелдік инвестиция көлемі болса, 2023 жылы 12,7 млрд доллар болды.

"Көрдіңіздер ме, 2023 жылмен салыстырғанда таза тікелей шетелдік инвестция көлемі бізде 98%-ға (!) бір-ақ құлаған. Бұл Қазақстан тарихындағы ресми ең төмен көрсеткіш (2005 жылдан бастап) болып табылады", - деп жазған еді жыл басында Tengenomika Telegram арнасының авторы Ғалымжан Айтқазин.

Өз жазбасында Айтқазин кейбіреулер, соның ішінде Үкіметтегі адамдар арасында "Қазақстанға шетелдік инвестициялардың қажеті жоқ" деп санайтындар барын да айтады. Олар: "Бізге өз қорларымыз (Ұлттық қор, БЖЗҚ), мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компанияларымыз жеткілікті" дейтін көрінеді.

"Айналайын, Қазақстан экономикасы тек ішкі инвестициялар есебінен ұзаққа бармайды, өйткені мұндай көздердің жылдам түгесілу қаупі бар. Керісінше, сыртқы инвестициялармен ақша ғана емес, жаңа технология мен құзыреттілік, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындары да келеді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар барда елімізге бүкіл әлемдегі инвестициялық қорлар мен жеке инвесторларды тарту оңайырақ болады", - дейді маман.

Сонымен бұл ретте Kazakh Invest бүй дейді:

"Жалпы, 2024 жылы тіркелген таза ТШИ ағынының төмендеуі – уақытша құбылыс, ол объективті экономикалық және циклдік факторларға байланысты орын алды. Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды бағыт ретінде қалып отыр. Бұған елдің жаңа инвестициялық жобаларды тарту бойынша Солтүстік және Орталық Азияда көшбасшы болуы дәлел. Осындай ірі жобалардың, соның ішінде БКЖ-ның аяқталуы, ел экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Болашақта жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логистика және цифрландыру салалары Қазақстан экономикасының негізгі өсу драйверлеріне айналуы мүмкін. Қазақстан инвестициялық климатты жақсарту және жаңа экономикалық бастамаларды ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар ТШИ көрсеткіштерінің уақытша төмендеуінің әсерін азайтып қана қоймай, Қазақстанның жаһандық инвестициялық нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді".

Сондай-ақ антирекорд санына қатысты мынандай егжей-тегжей түсініктеме берілген:

"2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға таза ТШИ ағынының 98,4%-ға төмендеуі қайта инвестицияланған табыстың 93,4%-ға (6,4 млрд АҚШ долларына) қысқаруымен тікелей байланысты. Бұл, өз кезегінде, шетелдік қатысы бар кәсіпорындардың таза пайдасының азаюын немесе шетелдік акционерлерге дивиденд төлемдерінің артуын көрсетеді. Нақты себептерді анықтау үшін шетелдік инвесторлардың қаржылық есептілігінің бастапқы деректерін ашу қажет, алайда, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне (ХВҚ алдындағы), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 29-бабына және "Мемлекеттік статистика туралы" заңның 8-бабына сәйкес, ҚҰБ бұл ақпаратты жарияламайды". Айта кету керек, қайта инвестицияланған табыс көлемі шетелдік акционерлердің пайда бөлу туралы шешімдеріне және әлемдік шикізат нарықтарының бағамына байланысты қалыптасады. Қазақстандағы ТШИ құрылымында тау-кен өндіру секторының үлесі әлі де жоғары болғандықтан, бұл факторлар елдің инвестициялық тартымдылығынан гөрі жаһандық экономикалық үрдістердің әсерін көрсетеді. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар бұл үдерістерді тікелей реттей алмайды. Демек, таза ТШИ ағынының төмендеуі Қазақстанның инвестициялық саясатының әлсіздігімен емес, шикізат нарығындағы жаһандық құбылмалылықпен және инвесторлардың дивидендтерді төлеу туралы шешімдерімен байланысты. БАҚ-тың кейбір жарияланымдарында көрсетілген инвестициялық саясатты түбегейлі қайта қарау қажеттілігі туралы тұжырымдар осы экономикалық ерекшеліктерді ескермейді. 

Сонымен қатар есеп-қисап мынандай фактілермен тағы да айқындала түседі:

"2024 жылдың үш тоқсанында Қазақстан экономикасына 12,7 млрд АҚШ доллары көлемінде Жалпы ТШИ тартылды. Бұл көрсеткіш бірқатар телеграм-арналарда айтылған инвестициялар толығымен тоқтады деген пікірді жоққа шығарады. Дегенмен, бұл көлем 2023 жылмен немесе рекордтық 2022 жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Жалпы ТШИ ағынының азаюының негізгі себебі – Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орнында жалпы құны 46 млрд АҚШ долларынан асатын Кеелешек кеңею жобасының (ККЖ) аяқталуы. 2025 жылдың қаңтарында "Теңізшевройл" ЖШС (ТШО) үшінші буын зауытында мұнай өндіруді сәтті бастады, бұл ККЖ-ның негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. Жобаның толық іске қосылуынан кейін Теңіздегі жалпы мұнай өндіру көлемі жылына 12 млн тоннаға артып, жылдық көрсеткіш 40 млн тоннаға жуықтайды. Осылайша, ККЖ негізгі кезеңдері аяқталып, жоба соңғы іске қосу сатысына көшті. Бұған дейін ТШИ статистикасында құрылысқа салынған инвестициялар көрсетіліп келсе, енді мемлекет осы жоба арқылы салық түсімдері түрінде тікелей табыс алатын болады".

ТШИ көрсеткіштерінің азаюына жол бермеу үшін жаңа инвесторларды тарту және жаңа жобаларды іске қосу бойынша белсенді жұмыстарды атқару жоспарланып отырғаны да айтылады. 

"Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. БҰҰ-ның ЭСКАТО ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстан Солтүстік және Орталық Азия өңірінде жаңа жобаларға инвестиция тарту бойынша көшбасшы мәртебесін сақтап отыр. 2024 жылы елімізге жаңа жобаларға 15,7 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш аймақтың жалпы инвестицияларының 63%-ын құрады. Сонымен қатар, 2024 жылы жаңа инвестициялық жобалар саны 2023 жылмен салыстырғанда 88%-ға артты. Бұл жобалардың іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеуі үшін бірнеше жыл қажет болғанымен, олар мұнай-газ секторындағы ірі жобалардың аяқталуынан туындаған ТШИ көрсеткіштерінің уақытша төмендеуін өтеуге және Қазақстан экономикасының әртараптандырылуына негіз қалауға мүмкіндік береді". 

Айта кетсек, Ресей өткен жылдың бірінші жартыжылдығында экономикамызға 9 931,9 млн доллар тартып, Қазақстандағы ТШИ бойынша көшбасшы болып табылады. Алайда, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,4%-ға төмен екенін ескерте кетелік. Одан бөлек үздік бес инвестор қатарына Сингапур, Люксембург, Швейцария және Кипр жатады, олардың инвестициялары сауда, қаржы секторы және өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.

Бұған дейін сайтымызда: "Маман антирекордты тіркеген ТШИ-ға қатысты Үкіметте еш саспайтындар барын айтты" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар