Үкімет 11 мың шақырым автожолды жаңғыртып, елдегі әуежайлардың өткізу қабілетін 40 млн жолаушыға дейін арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Dala News.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика саласы ел экономикасы үшін стратегиялық бағытқа айналғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысы аяқталып, 2,9 мың шақырым жол жаңғыртылады.
Алдағы жылдары 11 мың шақырым автомобиль жолын салу мен қайта жаңарту жоспарланған. Бұл Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемін 60%-ға арттырып, контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін жеткізбек. Нәтижесінде Қытайдан Каспийге дейінгі жүк жеткізу уақыты 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады.
Үкімет теміржол инфрақұрылымының тозуы транзиттік серпінге басты кедергі болып отырғанын мойындап отыр. Осыған байланысты магистральдық теміржол желілерін жаңғыртуға арналған кешенді бағдарлама тұрақты бақылауға алынған.
Авиация саласында да түбегейлі өзгерістер күтілуде. Биыл Астана әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл 20 жыл бойы жөндеу көрмеген негізгі жолақты жаңғыртуға мүмкіндік беріп, елордалық әуежайдың өткізу қабілетін төрт есеге арттырып, жылына 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді.
Алматы әуежайында шілде айында ішкі терминал толық жаңартылып, жолаушы өткізу мүмкіндігі 14 млн-нан 19 млн-ға дейін өседі. Сонымен бірге ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынады.
Сонымен қатар авиаотын бағасының төмендеуі де стратегиялық шешім ретінде бағаланып отыр. Баға $1,2 мыңнан $950 деңгейіне түсті. Бұл Қазақстанның әуе кеңістігін халықаралық авиакомпаниялар үшін бәсекеге қабілетті етуге бағытталған.
Осылайша, Үкімет Қазақстанды тек транзиттік ел емес, өңірлік көлік-логистика хабына айналдыруды көздеп отыр.
