АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында Украина президенті Владимир Зеленскиймен және еуропалық көшбасшылармен болған кездесулерінің қорытындыларымен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Зеленскийден бөлек Трамп Ақ үйде Франция президенті Эммануэль Макронмен, Финляндия президенті Александр Стуббпен, Италия премьер-министрі Джорджа Мелонимен, Ұлыбритания премьер-министрі Киир Стармермен, ГФР канцлері Фридрих Мерцпен, Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейенмен және НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесті. Тікелей эфирді Fox News телеарнасы жүргізді.
"Біз Украина үшін Америка Құрама Штаттарының үйлестіруімен әртүрлі еуропалық елдер ұсынатын қауіпсіздік кепілдіктерін сөз еттік. Барлық қатысушылар Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігіне ризашылықтарын білдірді", деп жазды Дональд Трамп.
Трамп Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескенін де жеткізді. Ақ үй бұл сәттің суреттерін де жариялады.
"Кездесулердің қорытындысы бойынша мен президент Путинмен байланысып, оның президент Зеленскиймен кездесуге дайындала беруін айттым. Осы кездесуден кейін үшжақты форматта, яғни екі президент мен менің кездесуім жоспарлануда", деп атап өтті Трамп.
Трамптың айтуынша, вице-президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу бастамаларын үйлестіруді өз мойнына алады.
Аталған жиында кім не туралы айтты?
ГФР канцлері атысты тоқтатпайынша Украина бойынша келесі кездесудің мәні жоқ екенін баса атап өтті. Макрон көшбасшылардың үш жақты кездесуіне дейін атысты доғару идеясын қолдады. Ол Украина қауіпсіздіктің кепілі ретінде мықты армияға ие болуы керек екенін және Еуропа Трампқа бейбітшілікке қол жеткізе алады деп сенім білдіретінін жеткізді.
"Біз бүгін барлық дерлік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздік бойынша да бір келісімге келеміз. Біздің келіссөздерімізден кейін бейбіт келісім жасалуы мүмкін деп ойлаймын", – деді Трамп.
Маңызды мәлімдемелер:
- Келіссөздердің басында америкалық көшбасшы бұл күннің сәтті басталғанын атап өтіп, оның үшжақты келісімге деген дайындықпен аяқталуы мүмкін жемісті кездесу болатынына үміт білдірді. Трамп Аляска саммиті бейбітшілікке қол жеткізуге болатындығына өзін көз жеткізгенін айтты. Ол Путин Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерін қарастыруға келісіп, маңызды қадам жасағанын да нақтылады.
- АҚШ президенті Вашингтон Ресеймен және Украинамен үш жақты саммит ұйымдастыруға тырысатынын да жеткізді.
- Трамптың айтуынша, жақын арада бейбіт келісімге қол жеткізуге болады. Сондай-ақ ол тараптар бүгін қауіпсіздік мәселелері бойынша уағдаластыққа келе алатынын атап өтті.
- Америкалық көшбасшы АҚШ пен Еуропа Украинаға көмектесуге және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті екенін айтты.
- Ол келіссөздер барысында майдан шебін ескере отырып, даулы аумақтар бойынша алмасу мүмкіндігін талқылау қажет екенін де жеткізді. Трамп Путин мен Зеленский бейбіт келісімге келе алатынына сенім білдірді.
- Владимир Зеленский Трамппен болған келіссөздерді жақсы және сындарлы деп сипаттады. Ол Америка президентімен көптеген жылдар бойы өз күшінде болуы тиіс қауіпсіздік кепілдіктерін талқылағанын жеткізді.
- Америка Құрама Штаттарының басшысы Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы даулы аумақтар бойынша алмасу мүмкіндігін талқылау қажеттілігін мәлімдеді.
- Украина басшысы аумақтық мәселелер үшжақты кездесуде ғана талқыланатынын атап өтті. Ол Трампқа картадан жеке нюанстар бар жерлерді көрсеткенін және барлық негізгі мәселелер бойынша шешімдер табуға үміт білдіретінін де нақтылады.
- Трамп Украина болашағына қатысты мәселе шешімі "бір-екі апта" ішінде анықталатынын айтты.
- Финляндия президенті Александр Стубб өзінің келіссөздерге не үшін қатысып жатқанын түсіндірді: "Біздің Ресеймен арада ұзыннан ұзақ жатқан шекара бар және Ресеймен өзара қарым-қатынасымыз бойынша тарихи тәжірибеміз де бар... Біз 1944 жылы өзара шешім таба алғанбыз, менің ойымша, біз 2025 жылы да ақылға қонымды шешім таба аламыз".
- Урсула фон дер Лейен ЕО НАТО-ның бес бабының баламасына ұқсас Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерімен жұмыс істеуге ниетті екенін атап өтті.
- Сондай-ақ, Франция президенті Украина шиеленісіне нүкте қою мәселесін Еуропаның қатысуымен өткен төртжақты кездесуде талқылауды ұсынды.
- АҚШ басшысы Ресейдің мың украиндық әскери тұтқынды "бірден" босатуы мүмкін екенін растады.
- Сонымен қатар, Трамп Еуропалық көшбасшылармен кездесуден кейін өз кеңсесінде "шағын талқы" өткізу жоспары барын мәлімдеді. Бұл жайт бұрын кестеде болмаған.
- Стубб соңғы екі аптада Украина шиеленісін реттеуде соңғы үш жылмен салыстырғанда үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты.
- Кир Стармер Украинаның ғана емес, Еуропаның да қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды деп санайтынын мәлімдеді.
Ал бұған дейінгі Трамп пен Зеленскийдің жеке кездесуінде АҚШ президенті әріптесіне НАТО-ға қосылу ойынан айнуды ұсынып, оның орнына қауіпсіздік кепілдіктері бойынша басқа жақсы ұсыныстарды алға тартатынын жеткізген, сондай-ақ даулы территориялар бойынша да Путинмен өзара ымыраға келуге болатынын айтқан. Бұл мәселені өз кезегінде Зеленский тек үшжақты кездесу кезінде талқылауға әзір екенін жеткізді.
Айта кетсек, бұған дейін БАҚ-тарда Трамп, Зеленский және Путиннің үшжақты кездесуі 22 тамызда өтуі мүмкін екені туралы ақпарат жарияланған. Әзірге, тараптар мұны әлі ресми түрде нақтыламады.
Бұған дейін Аляскадағы кездесуден кейін ЕО, Трамп және Зеленский өз ұстанымдарын жария еткенін жазғанбыз.