Төрт жыл бұрын Трамптың жеңісін ұрлап алмағанда, соғыс болмауы мүмкін еді - Путин

Dalanews 25 қаң. 2025 09:47 3707

Ақ үйге қайтып оралған Дональд Трамп соңғы күндері Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуге қатысты түрлі пікір білдіріп, Украинадағы ахуалды реттеудің жолдарын ұсынуда, деп жазады Dalanews.kz.

Талқыдан Владимир Путин де тыс қалмай, Әмірика президентінің пікірін тұздықтай түсті. Кремль таратқан ресми мәлімдемеде Ресей президенті АҚШ әкімшілігімен ешқашан байланыстан бас тартпағанын атап өткен.

Путин Трамппен арадағы қарым-қатынасы кәсіби, прагматикалық әрі өзара сенімге негізделгенін айтады.

"Мен онымен ішінара келісемін. Егер Трамп 2020 жылы жеңісін "ұрлатып" алмағанда 2022 жылы Украинада басталған дағдарыс болмауы да мүмкін еді. Дегенмен Трамп өзінің бірінші президенттік мерзімінде Ресейге қарсы едәуір қатаң шектеулер мен санкциялар енгізгенін қаперден шығармауымыз керек. Бұл шешім тек Ресейдің ғана емес, АҚШ-тың мүддесіне де қайшы келді деп ойлаймын", - деді Кремль басшысы.

Сөзін қорытындылай келе, Владимир Путин екі президентке қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, кездесу өткізген дұрыс екенін айтты. Оның пікірінше, АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың тұрақтануына әсіресе, мұнай бағасын реттеу сияқты мәселелер маңызды ықпал етеді.

Сол күні Солтүстік Каролинада журналистер алдына шыққан Дональд Трамп кезекті ОПЕК-ті мұнай бағасын төмендетуге шақырды. BBC-дің хабарлауынша, АҚШ президенті мұнай нарығындағы жоғары баға Украинадағы қақтығыстың тездетіп аяқталуына кедергі жасап отыр деп санайды.

"Біз ОПЕК-ке мұнай бағасын арзандату қажет екенін кезекті рет ескертеміз. Сонда Украинадағы трагедияны тоқтатуға жол ашылады. Бұл соғыс – екі тарапты да әбден қалжыратты. Бір миллионнан астам ер-азамат қаза тапты, апта сайын мыңдаған адам шейіт болып жатыр... Мұнай бағасы шарықтап тұрған шақта бұл соғыс оңайшылықпен аяқталмайды", – деді Трамп.

Бұған дейін сайтымызда "Мұнай бағасын түсіру, Путинмен кездесу, Қытайды қолқалау: Трамп Давос форумында не айтты" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар