Қостанай облысында 24 тонна этил спиртін заңсыз жолмен Ресейге шығармақ болған азамат ұсталды. Ол жүкті "алма сірке суы" деп көрсетіп, жалған құжаттар арқылы шекарадан өткізбек болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға "Қайрақ" шекаралық бақылау-өткізу бекетінде анықталған. Тергеу барысында күдіктінің акцизделетін өнімді тасымалдауға қажетті лицензиясы болмағаны және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені белгілі болды. Ал спирттің өзі Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен жеткізілген.
Құқық қорғау органдары заң талаптарын бұза отырып, акцизделетін тауарларды тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қарабалық аудандық сотының шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 786 400 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар заңсыз тасымалданған 24 тонна этил спирті мемлекет кірісіне тәркіленді.