Алматыда «референдумға қатысты жазбалар арқылы сайлау құқығын жүзеге асыруға кедергі келтірді» деген айыппен төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген қоғам белсендісі Оразалы Ержанов үкімнің күшін жойып, өзін толық ақтауды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Апелляциялық шағымда Ержанов пен оның қорғаушысы оның ешқандай заңсыз әрекет жасамағанын айтып, айыптау үкімін жоюды талап еткен.
Еске салайық, биыл мамыр айында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Оразалы Ержановты төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен болатын. Сонымен қатар оған бес жыл бойы қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Жаза мерзіміне оның қамауда және үйқамақта болған уақыты есептелді. Сондай-ақ бүкіл жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленген.
Бұған дейін құқық қорғау органдары Ержановтың әлеуметтік желілердегі референдумға қатысты жарияланымдары азаматтарды жаңылыстырып, бойкот жасауға шақырды деп мәлімдеген еді. Осы дерек бойынша «сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір қоғам белсендісі апелляциялық тәртіппен өзіне тағылған айыптың күшін жойып, толық ақталуды талап етіп отыр.