Freedom Inside '26

Энергетика министрлігі Орынбор зауытына жасалған шабуылдан кейін газ тапшылығы болады деген қауесетті жоққа шығарды

Энергетика министрлігі Орынбор зауытына жасалған шабуылдан кейін газ тапшылығы болады деген қауесетті жоққа шығарды
ЖИ: Dalanews.kz

Украиналық дрондардың Орынбор газ өңдеу зауытына жасаған шабуылдары туралы ақпараттан кейін Қазақстанда газ тапшылығы туындауы мүмкін деген алаңдаушылық пайда болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшылардың айтуынша, бұған Қарашығанақ кен орнынан өндірілетін шикі газдың бір бөлігі Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытына жіберіліп, өңделгеннен кейін дайын өнім ретінде Қазақстанға қайтарылатыны себеп болған.

Газ жеткізуге қатысты қауіптер талқылана бастағаннан кейін Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасап, азаматтарды дүрбелеңге берілмеуге шақырды.

Ведомствоның мәліметінше, аталған оқиға қазақстандық тұтынушыларды газбен қамтамасыз етуге әсер еткен жоқ.

«Отын көлемі басқа көздер есебінен үздіксіз толықтырылып отыр. Қазақстанның газ инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ішкі нарық энергетикалық ресурстармен толық қамтамасыз етілген. Жағдай Энергетика министрлігі мен ұлттық оператордың тұрақты бақылауында», – деді Энергетика министрінің кеңесшісі әрі министрліктің ресми өкілі Әсел Серікбаева.

Министрлік елдегі газ жүйесі қалыпты жұмысын жалғастырып жатқанын және тұтынушылар үшін газ жеткізу бойынша ешқандай қауіп жоқ екенін атап өтті.