Тоқаевтың жол сапасына қатысты сынынан кейін Бектенов шұғыл тапсырма берді

Тоқаевтың жол сапасына қатысты сынынан кейін Бектенов шұғыл тапсырма берді
Жол жөндеу. Фото: Finnbarr Webster/Getty Images

Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігі мен өңір әкімдіктеріне Қазақстандағы жолдардың сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Таза Қазақстан" акциясы кезінде айтқан сынынан кейін Үкіметте қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Президент қала ішіндегі және елді мекендерден тыс автомобиль жолдарының сапасына ерекше назар аудару керегін айтқан. Тоқаев жол мәселесін елдің "осал тұстарының бірі" деп атап, бұл проблеманың ұзақ уақыт шешілмеуін сынға алған.

Үкіметтегі кеңесте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайы туралы баяндады. Министрлік мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 91 пайызы белгіленген талаптарға сай келеді. Елді мекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 71 пайызды құрайды.

Сонымен қатар жолдардың жағдайына байланысты келіп түсетін өтініштердің шамамен 58 пайызы жергілікті жолдарға қатысты. Оның ішінде барлық шағымның 47 пайызы елді мекен көшелерінің жағдайына байланысты түскен.

Үкімет жол құрылысының сапасын арттыру үшін қолданылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылғанын, битум пайдалану тәсілдері қайта қаралғанын және құрылыс кезінде бес сатылы сапа бақылауы енгізілгенін хабарлады. Мердігерлердің жауапкершілігін күшейту де көзделіп отыр.

Олжас Бектенов Көлік министрлігі мен әкімдіктерге жол жобаларының жүзеге асырылуын қатаң бақылауға, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруге және құрылыс пен жөндеу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеуге тапсырма берді. Бұл бағыттағы жұмыстардың орындалуын бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев қадағалайды.