“Тоқаевтың үнемдеу туралы тапсырмасы ескерілмеген бе?”. Қарағанды облысының әкімдігі қымбат көлік сатып алды

Қаракөз Амантай 21 ақп. 2025 14:31 795

Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 20,5 миллион теңгеге қызметтік автокөлік сатып алған. Бұл туралы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ГосАрхив телеграм-арнасының мәліметінше, көлік “Hyundai Premium Karaganda” ЖШС-нен алынған. Бұл компания “Астана Моторс” холдингінің құрамына кіреді және кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың иелігінде.

“Техникалық сипаттамаларға сәйкес, көліктің шыққан жылы жаңа, түсі сұр, 2,5 GDI көлеміндегі қозғалтқышы бар, D-класындағы жеңіл көлік”, — дейді дереккөз.

Сатып алу жөніндегі хабарландыру 18 ақпанда жарияланып, екі күннен кейін келісімшарт жасалған. Тендерге басқа компаниялар қатыспаған. Сондықтан сатып алу бір көзден жүзеге асқан. 

“Бұл келісім қоғамда көптеген сұрақ туындатып отыр. Себебі қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бюджетті қатаң үнемдеуді тапсырып, қаржыны тек аса маңызды қажеттіліктерге жұмсау керегін ескерткен еді. Мемлекет басшысы “белді бекем буатын уақыт келгенін” айтқан болатын. Алайда кейбір мемлекеттік органдар президенттің тапсырмасын елемегендей әсер қалдырады”, — деп қосты дереккөз.

Еске салайық, бұған дейін Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикасы өсіп жатқанын атап өтіп, шешілмеген бірқатар түйткілдің бар екеніне назар аударған еді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі әлемдегі жағдай күрделі. Тарифтік шиеленістер мен санкциялық текетірестер күшейіп, мұның салдары ауырлай беруі мүмкін. Сонымен қатар, климаттың өзгеруі "жасыл энергетиканы" дамыту тәсілдерін қайта қарауды талап етеді.

“Бір жағынан, бұл дәстүрлі энергия ресурстарына сұранысты арттырады. Екінші жағынан, мұнай, газ, көмір бағасының тұрақсыздануына алып келеді”, – деді Тоқаев.

Президент қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтердің кеңінен қолданылу үрдісі байқалатынын атап өтті. Жасанды интеллект те стратегиялық маңызға ие болып, технологиялық алпауыт елдер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп отыр.

“Осындай жағдайда бізде нақты іс-қимыл стратегиясы болуы қажет. Ол стратегия жаңа дәуірдің күрделі сынақтарынан өтуге бағытталуға тиіс”, – деді Президент.

Тоқаев Үкіметке «экономикалық тоқырауды болдырмай, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін» бірқатар қиын шешімдер қабылдау керектігін атап өтті.

Мемлекеттік аппараттың кәсіби біліктілігіне сенім білдірген Тоқаев:

“Мемлекеттік қызметшілер күрделі жағдайларда тиімділігін көрсетіп, жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Халықаралық тәжірибе дәл осындай кезеңдерде атқарушы биліктің шынайы әлеуеті айқындалатынын көрсетіп отыр”, – деді.

Президент бюджет қаржысын үнемдеу қажеттігін де баса айтты.

“Енді белді бекем буып, барға қанағат етуге тура келеді. Үкімет ең өзекті мәселелерге ғана қаржы бөлуі керек”, – деді Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар