Астана прокуратурасы ақылы автотұрақ қызметін көрсететін компанияның мүгедектігі бар адамдардан заңсыз төлем алғанын анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Байқоңыр» ауданының прокуратурасы әкімшілік актілерді зерделеу барысында ақылы автотұрақ аймақтарында жеңілдігі бар азаматтардан заңсыз төлем алынғанын анықтады.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, ақылы автотұрақтарда бірқатар азаматтар төлем жасаудан босатылған. Олардың қатарына бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, I және II топтағы мүгедектер, «Алтын Қыран» және «Халық қаһарманы» ордендерінің иегерлері, сондай-ақ көпбалалы аналар кіреді.
Алайда, тексеріс нәтижесінде компания мүмкіндігі шектеулі 63 азаматтан 524 мың теңге көлемінде заңсыз төлем алғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға қатысты салынған нұсқамалар жойылды, деп мәлімдеді Астана қаласының прокуратурасы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура Астана әкімдігі мен ақылы автотұрақ қызметін ұсынатын компания арасындағы келісімшартты заңсыз деп тапқан болатын.